Мемлекеттік ту бейнесі бар қаптамадағы «Қазақстан» шоколадын өндірушілер мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың жаңартылған ережелеріне байланысты дизайнын өзгертпейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еске салайық, 7 шілдеде Үкімет мемлекеттік туды пайдалану және орналастыру ережелерін нақтылап, тиісті қаулыға өзгертулер енгізді. Тармақтардың бірі Қазақстан туын жарнама мақсатында пайдалануға тыйым салады.

Осыған байланысты азаматтарда сұрақ туындады: танымал «Қазақстан» шоколадының қаптамасын өзгертуге тура келе ме? Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар бұл туралы тіпті әзілдесті. «Қазақстан туын енді киімге киюге, дастарқанға, төсек жабдықтарына бейнелеуге және жарнамада пайдалануға тыйым салынды. Ал «Қазақстан» шоколады бұл кезде: «Пупупу»,— деп жазды бір пайдаланушы.

Тілші Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне түсініктеме алу үшін жүгінді. Онда өзгертулер бұрын өндірілген және азаматтық айналымға енгізілген өнімді сатуға тыйым салмайтынын түсіндірді. «Сондай-ақ, тауар мен оның жарнамасын ажырату қажет. Егер мемлекеттік ту бейнесі өнімнің қолданыстағы қаптамасының элементі болса, бұл өздігінен заң бұзушылық болып есептелмейді. Мемлекеттік туды жарнамада пайдалануға тек мемлекеттік рәміздер және жарнама туралы заңнама талаптары сақталған жағдайда ғана жол беріледі. Мысалы, бұрын бекітілген қаптамамен шығарылған «Қазақстан» шоколадын сатуға тыйым салынбайды»,— деді ведомстводан.

Мәдениет министрлігі жаңа жарнамалық науқандарды әзірлеу кезінде өндірушілерге заңнаманың жаңартылған талаптарын ескеру ұсынылатынын атап өтті.

Бұған дейін Мәдениет министрлігі мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың жаңа ережелері бойынша көпшілік сұрақтарына жауап беріп, Қазақстан туы бар киім киюге болатынын түсіндірген еді. Сондай-ақ, мемлекеттік туды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны хабарланған.