Гонконгтағы семсерлесуден әлем чемпионатының екінші жарыс күні Қазақстан құрамасының өкілдері сәтті өнер көрсетті. Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимовтан құралған төрт шпагашы мен Анастасия Гулик, Айгерим Сарыбай және Карина Доспайдан тұратын үш сабляшы іріктеуден сәтті өтіп, 26 шілдеде жүлделер үшін күреседі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жеке сында жарыстан шыққан жалғыз қазақстандық спортшы Кайша Жанибек болды. Ол 1/64 финалда украиналық Дарья Гонцоваға 6:15 есебімен жол беріп, 77-орынға тұрақтады.

Үш сабляшы да топтық турнирде сәтті өнер көрсетті. Содан кейін Анастасия Гулик италиялық Клаудио Ротилиді 15:14 есебімен жеңсе, Карина Доспай Гонконг өкілі Винг Кю Чуды 15:13 есебімен ұтты. Ал Айгерим Сарыбай қытайлық Чжайи Вейді 15:11 есебімен жарыстан шығарып жіберді.

Шпагашылардың төрт өкілі де жүлдеге үмітін сақтап қалды. Вадим Шарлаимов топтық кезеңнен кейін үндістандық Шаурья Ашвиниді (15:7) және швед Келли Кристоферді (12:11) жеңді. Кирилл Проходов өзбекстандық Жавохирбек Нурматовтан (9:8) және мысырлық Махмуд Эль-Саидтан (15:9) басым түсті. Руслан Курбанов пен Ерлік Сертай жоғары рейтингінің арқасында плей-оффты 1/32 финалдан бастайды.

Өткен әлем чемпионатында Тбилисиде Курбанов жеке турнирде үздік ондыққа енсе, Қазақстанның шпагамен семсерлесу құрамасы командалық есепте қола жүлдеге ие болды.

Биылғы әлем чемпионаты 71-ші рет өткізіліп отыр. Алғашқы осындай жарыс 1921 жылы болған еді. Гонконгта ерлер мен әйелдер арасында жеке және командалық пәндер бойынша (шпага, рапира, сабля) жүлделердің 12 жиынтығы сарапқа салынады.

Турнирдің жүлде қоры 1,02 миллион АҚШ долларын құрайды. Жеке есепте жеңімпаз 40 мың доллар, күміс жүлдегер 20 мың, қола жүлдегер 10 мың доллар алады. Командалық сында алтын 50 мың, күміс 25 мың, қола 15 мың доллар әкеледі.

Кеше рапирашылар мен әйелдер шпагасының алдын ала жекпе-жектері өтті, ал ертең сабляшылар мен әйелдер рапирасының алғашқы жарыс күні белгіленген.