Словакия Республикасында төрт Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы алдымен словакиялық tnlive.sk телеарнасы хабарлап, кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растады, деп жазады infohub.kz сайты.
Словакиялық телеарна Тренчин университетінің төрт студенті ұсталғанын хабарлады. Телеарнаның дерегінше, топта бес адам болған, алайда бесіншісі қашып кеткен. Жарияланымда ұсталғандардың Қазақстан азаматтары екені көрсетілген.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, олар Тренчин қаласының тұрғынынан ақша бопсалаған. Ол адамды әжесінің үйінен іздеген. Күдіктілер әйелдің үйіне басып кіріп, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, тұрғын үйді тінту жүргізген. Іздеудегі ер адамды тапқан соң оны ұрып-соққан.
Жәбірленушінің әжесі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеті туралы полицияға арыз берген. Алайда полиция оған үйіне басып кірген адамдар полицейлер болмағанын айтқан. Күдіктілердің ұсталу сәтінен түсірілген кадрлар да жарияланды.
NUR.KZ тілшісіне Қазақстан СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Словакия Республикасында төрт Қазақстан азаматының ұсталғаны туралы біледі. Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, олардың туыстарымен байланыс орнатылды.


