Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) нарығына экспортты арттыру үшін тұрмыстық техника өндірісін айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Мәжілістегі үкімет сағатында машина жасау саласында 2024 жылдың бірінші тоқсанында өндіріс көлемі 24,9 пайызға өскенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылға қарай мынадай көрсеткіштер жоспарланған: тұрмыстық техника шығару 360 мың данаға дейін ұлғайтылады (оның ішінде «Силк Роад Электроникс» – 301 470 дана, «Алматы тұрмыстық техника зауыты» – 60 000 дана); жеңіл автомобильдер 160 мың данаға дейін (ЖШС «СарыарқаАвтоПром» – 110 мың, ЖШС «Хёндэ Транс Қазақстан» – 50 мың); жолаушылар вагондары 100 данаға дейін (ЗИКСТО); локомотивтер 120 данаға дейін («Электровоз құрастыру зауыты» – 44 дана, «Локомотив құрастыру зауыты» – 90 дана); платформалар 500 данаға дейін (ЗИКСТО); жартылай вагондар 1,5 мың данаға дейін (КВК).
«Орта мерзімді перспективада салада Екібастұзда теміржол кластерін одан әрі дамыту міндеті тұр. Мұндағы қолданыстағы өндірістерде теміржол көлігі мен магистральдық теміржол жолдарына арналған өнімнің барлық дерлік желісі – ұсақ бұйымдардан жүк жартылай вагондарына дейін игерілген», – деді Қ. Шарлапаев.
Министрліктің мәліметінше, кластер аясындағы жобаларды іске асыру теміржол машина жасауда, атап айтқанда, жолаушылар вагондарын өндірудегі локализация деңгейін 2030 жылға қарай 50 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ЕАЭО нарығындағы 9 миллион АҚШ доллары көлеміндегі тапшылықты ескере отырып, жаңа инвесторларды, оның ішінде қытайлық HKC Корпорейшн және оңтүстіккореялық «Самсунг Электроникс» компанияларын тарту есебінен тұрмыстық техника шығаруды ұлғайту жұмысы жүргізілуде. Бұл компаниялар Сарань қаласындағы қолданыстағы ЖШС «Силк Роад Электроникс» базасында 12 миллиард теңге инвестиция салып, қуаттылығы 400 мың данаға дейін жететін өндіріс орнын құруды жоспарлап отыр.


