Қазақстан үкіметі Ресеймен шекарадағы көлік кептелісіне байланысты жедел кеңес өткізді. «Әлімбет», «Жайсан» және «Сырым» өткізу пункттерінде бірнеше шақырымға созылған кезек пайда болды. Осыған байланысты Көлік министрлігі жедел штабтар құрды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Үкіметте қазақстандық өткізу пункттері тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Республика арқылы транзиттік тасымалдау көлемінің маусымдық артуына байланысты ведомстволар ЕАЭО елдерімен шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарын күшейтті. Бұл бақылаудан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар, жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін басым өткізу пункттерінің жанында жүргізушілерге арналған сервистік күту аймақтары құрылады», — деп қосты үкіметте.
Бұл жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.
Бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев шекарадағы автокөлік құралдарының үздіксіз және жедел өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Үкімет жағдайды өз бақылауына алды.
Ал өткізу пункттерінде тұрып қалған адамдар әлеуметтік желілерде шекарада бес сағаттан астам кезекте тұрғандарына шағымдануда.
«Петухово жағынан Ресей мен Қазақстан шекарасы. Кеденде 5,5 сағат болдық. Су ішкім келеді (су бітті) және ұйықтағым келеді (бірақ болмайды). Мұндайды алғаш рет көріп тұрмын. Бұл жолмен Қазақстанға көлікпен жүрмеңіздер», — дейді куәгерлер.
Айта кетейік, бұл жазбада Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа Жол» өткізу пункті туралы айтылып отыр, ондағы кезек жағдайы да осыған ұқсас.
Бұған дейін «Курсив» Павлодар облысында Ресеймен шекарада жүк көліктерінің жиналып қалғанын жазған болатын.


