Үндістанда кәмелетке толмаған спортшыны зорлады деген күдікпен қазақстандық велоспорт жаттықтырушысы Мақсат Аязбаев іздестіріліп жатыр. Полиция оның төлқұжатын тәркілеп, елден шығуына жол бермеу үшін іздеу жариялады. Қазақстан велоспорт федерациясы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Times of India басылымының мәліметінше, 34 жастағы Аязбаев Үндістан велоспорт құрамасының жаттықтырушысы болып жұмыс істеген. Жергілікті полицияның дерегінше, болжамды қылмыс 13 қыркүйекте Патиала қаласындағы Ұлттық озық тәжірибе орталығында (NCOE) болған, онда кәмелетке толмаған велошабандоз оқу-жаттығу жиынынан өтіп жатқан.

Спортшы арызданғаннан кейін 18 қыркүйекте полиция балаларды жыныстық қылмыстардан қорғау туралы үндістандық POCSO заңына сәйкес қылмыстық іс қозғады.

Патиала полициясының аға суперинтенданты Хармандип Сингх Ханстың айтуынша, арыз түскеннен кейін Аязбаевтың орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған.

«Біз спортшыдан арыз түскен бойда қылмыстық іс қозғадық. Сол кезде айыпталушы жаттықтырушы Делиде еді, содан бері оның қайда екені белгісіз», — деді Ханс.

Басылымның дерегінше, полиция қазақстандықтың төлқұжатын тәркілеп, оны іздеу үшін екі топ құрды. Сондай-ақ Look Out Circular — шекара және көші-қон қызметтеріне арналған, күдіктінің Үндістаннан кетуіне кедергі келтіруі тиіс хабарлама шығарылды. Іздеу жұмыстары Дели мен Ұлттық астаналық аймақта жүргізіліп жатқаны хабарланады.

Аязбаев Үндістан құрамасымен Жапониядағы Азия ойындарына баруы тиіс еді, алайда іс қозғалғаннан кейін сапарға рұқсаты жойылды. Үндістан басылымының мәліметінше, Үндістан велоспорт федерациясы да тергеу барысында жаттықтырушыны қызметінен уақытша шеттетті.

Қазақстан велоспорт федерациясы Аязбаевтың соңғы жылдары шетелде жұмыс істегенін және қазір қазақстандық құрамаға қатысы жоқ екенін атап өтті.

«Мақсат Аязбаев соңғы жылдары Қазақстаннан тыс жерде үндістандық тараппен келісімшарт бойынша кәсіби жұмыс істеп, Үндістанның ұлттық велоспорт құрамасын дайындаумен айналысты. Оның кәсіби қызметі дәл қазір үндістандық құрамаға байланысты болды. Үндістандық БАҚ та оның үндістандық команда құрамындағы жұмысы мен спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындауы туралы хабарлайды. Қазіргі таңда Мақсат Аязбаевтың Қазақстанның ұлттық құрамасына қатысы жоқ», — делінген хабарламада.

Федерация Үндістандағы тергеу аяқталғанша істің мән-жайын бағаламайтынын қосты.

«Біз Үндістанның құзыретті органдары ресми тергеуді аяқтап, істің барлық мән-жайын анықтағанша асығыс қорытынды жасамау және баға бермеу дұрыс деп санаймыз. Қазақстан велоспорт федерациясының үндістандық құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу мән-жайларын түсіндіруге негізі жоқ және тек құзыретті органдардың ресми ақпаратына сүйенетін болады. Сонымен қатар нақты адамның әрекеттерін Қазақстанның ұлттық велоспорты мен оның құрама командасының қызметінен ажырата білу маңызды», — деп есептейді федерацияда.

Үндістандағы тергеу жалғасуда. Жариялау сәтінде Аязбаевтың кінәсі сотта анықталмаған.

Мақсат Аязбаев — бұрынғы қазақстандық кәсіби тасжол велошабандозы. Соңғы жылдары ол жаттықтырушы ретінде мансабын жалғастырып, Қазақстан велоспорт федерациясының дерегінше, үндістандық тараппен келісімшарт бойынша жұмыс істеген.

Үндістандағы тергеу жалғасуда. Жариялау сәтінде Аязбаевқа қатысты айыптау үкімі шығарылмаған.