Қазақстан велоспорт федерациясы Үндістанда жаттықтырушының зорлау айыбымен іздеуге жарияланғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үндістанның Times of India басылымы 34 жастағы қазақстандық жаттықтырушы Үндістанның велоспорт құрамасында жұмыс істегенін, Патиаладағы Ұлттық озық тәжірибе орталығында (NCOE) кәмелетке толмаған велошабандозды зорлады деген айыппен балаларды жыныстық қылмыстан қорғау туралы заң (POCSO) бойынша жауапкершілікке тартылғанын жазды.

«Патиала полициясы айыпталушы Максат Аязбаевты — Қазақстанның бұрынғы кәсіби тас жол велошабандозы — іздеуге жариялады. Патиала полициясының аға суперинтенданты Хармандип Сингх Ханстың айтуынша, өткен аптада арыз түскеннен бері оның орны белгісіз. Полиция оның төлқұжатын тәркілеп, оны іздеу үшін екі топ құрды», — делінген басылым хабарламасында.

Қазақстан велоспорт федерациясы осы фактіге қатысты ресми Instagram парақшасында мәлімдеме жариялады. Максат Аязбаев соңғы жылдары Үндістан тарапымен келісімшарт бойынша Қазақстаннан тыс жерде кәсіби жұмыс істеп, Үндістанның ұлттық велоспорт құрамасын дайындаумен айналысқан.

«Оның кәсіби қызметі дәл қазір Үндістан құрамасымен байланысты болды. Үндістандық БАҚ та оның үнді командасы сапындағы жұмысы мен спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындағаны туралы хабарлайды. Қазіргі таңда Максат Аязбаевтың Қазақстанның ұлттық құрамасына қатысы жоқ. Жарияланымдарда көрсетілген оқиғалар Үндістан аумағында оның үнді тарапымен жұмыс істеген кезеңінде болған және Үндістанның құқық қорғау органдары қарастырып жатыр», — деді ұйымда.

Федерацияда қазір Үндістанның құқық қорғау органдары ресми тергеу жүргізіп жатқанын қосты.

«Қолда бар ақпаратқа қарағанда, қылмыстық іс қозғалған, ал Үндістан велоспорт федерациясы тергеу кезеңінде маманның қызметін тоқтатқан. Ресми тергеу аяқталып, Үндістанның құзырлы органдары істің барлық мән-жайын анықтағанша асығыс қорытынды жасамау және баға бермеу дұрыс деп санаймыз. Қазақстан велоспорт федерациясы Үндістанның құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу мән-жайларына түсініктеме беруге негізсіз және тек құзырлы органдардың ресми ақпаратына сүйенетін болады», — делінген мәлімдемеде.

Федерацияда нақты адамның әрекетін Қазақстанның ұлттық велоспортының және оның құрама командасының қызметінен ажырата білу маңызды екенін қосты.

«БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан осы ақпаратты жарияламас бұрын ескеруді және бұл жағдайды Қазақстанның ұлттық құрамасымен негізсіз байланыстыруға жол бермеуді сұраймыз. Адамның кінәлілігі тек заңда көзделген тәртіппен, ресми тергеу мен сот талқылауының нәтижелері бойынша анықталуы мүмкін», — деді ұйымда.

NUR.KZ тілшісі Қазақстанның СІМ-не сұрау жолдады.