Қазақстанда визит-орталықтардың жұмыс істеуінің бірыңғай ережесі күшіне енді. Енді туристік нысандар мен маршруттарда қауіп немесе шектеулер туындаған жағдайда, бұл туралы ақпарат алынған сәттен бастап бір сағаттан кешіктірмей туристерге хабарлануы тиіс, деп хабарлайды infohub.kz.
Туризм және спорт министрлігі бекіткен жаңа талаптар шектеулер немесе қауіптер туралы мәліметті визит-орталықтың өзінде де, оның ресми сайтында да жедел түрде орналастыруды көздейді. Құжатта: «Туристік нысандарға немесе маршруттарға бару мүмкіндігіне әсер ететін жағдайлар туындаған кезде тиісті ақпарат визит-орталықта және оның интернет-ресурсында алынған сәттен бастап бір сағаттан кешіктірілмей орналастырылуға тиіс», — делінген.
Бірыңғай стандарт визит-орталықтардың қызметтер тізбесі мен жұмыс тәртібін де реттейді. Олар саяхатшыларға көрікті жерлер, маршруттар және өңірлердің туристік әлеуеті туралы өзекті мәліметтерді ұсынуға, келушілерге кеңес беруге және туристік қызметтер көрсетуге міндетті. Қызмет көрсету қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, орталықтар мүгедектігі бар адамдар және басқа да қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта құруға тиіс, ал қызметкерлерге кәсіби даярлық пен этика нормаларын сақтау талаптары қойылады.
Визит-орталықтардың жұмыс кестесі туристік ағын мен орналасқан жеріне байланысты болады — олар жыл бойы немесе маусымдық түрде жұмыс істей алады. Орталықтардың жанынан мейрамханалар, дүкендер, тұру орындары және басқа да сервистік инфрақұрылымды орналастыруға рұқсат етіледі.
Туризм және спорт министрлігінің пікірінше, бірыңғай ережелер бүкіл ел бойынша туристік қызмет сапасын арттырып, саяхатшылардың уақтылы және дұрыс ақпарат алуын қамтамасыз етіп, Қазақстан бойынша сапарларды ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді.
Бұған дейін «Курсив» 1 тамыздан бастап Қазақстанда гидтер мен экскурсоводтар үшін бірыңғай ережелер енгізілгенін хабарлаған болатын. Енді олар тек eLicense.kz порталында тіркелген және салық төлейтін ҚР азаматтары ғана бола алады. Гидтер QR-коды бар арнайы бейдждер тағуға міндетті.


