Қазақстанның ерлер волейбол құрамасы Жапонияда өткен XX Жазғы Азия ойындарындағы соңғы кездесуін Индонезияны жеңумен аяқтады. 3 қазандағы 11-орын үшін таласта қазақстандықтар 3:1 есебімен басым түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сергей Трикоз шәкірттері бірінші партияда ұтылып қалғанымен, кейінгі үшеуінде басымдық танытты. Партиялар бойынша қорытынды есеп — 23:25, 25:23, 25:18, 25:20.
Кездесудің басты кейіпкері шабуылда Владислав Мастихин болды — ол құрамаға 19 ұпай әкелді. Азамат Сеилхановтың еншісінде 15 ұпай, Асылхан Избергенұлы 14 ұпай жинады.
Азия ойындарындағы ерлер волейбол турнирі 1958 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны жиірек жапондықтар жеңіп алған. Қазақстан құрамасы турнир тарихында жүлдегерлер қатарына ешқашан кірмеген. Ханчжоудағы Азиада-2022-де біздің команда 9-орын алған болатын.
XX Жазғы Азия ойындары ресми түрде 19 қыркүйекте ашылып, 4 қазанда мәресіне жетеді. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыста 460 комплект медаль сарапқа салынуда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының құрамында 35 спорт түрінен 558 спортшы сынға түсуде.
Ойындардың бірінші күні қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Ойындар чемпиондары атанғандар: велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратистер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева. Құраманың қоржынына бесінші алтынды ММА сайыскері Еркінғали Бүркіталин, алтыншысын — аралас жекпе-жектегі командаласы Қадырбек Шынбаев салды. 23 қыркүйекте Луценко Азиада-2026-ның екі дүркін чемпионы атанды. Сегізінші жоғары дәрежелі медальді 24 қыркүйекте ерлер арасындағы жұп ескекті қайық жарысында Владислав Яковлев пен Иван Чернухин жеңіп алды. Тоғызыншы алтын медальді 27 қыркүйекте шпага шеберлерінен құралған команда олжалады. 2 қазанда алтынды боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай, сондай-ақ таеквондошы Тамирлан Тілеулес иеленді.
Ойындардың 13 күнінен кейін Қазақстан бейресми медаль есебінде сегізінші орында тұрды.


