Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу жоспарланып отыр. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Тәуелсіздік сарайының кулуарларында бастаманың егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Журналистер вице-министрден ведомствоның бұл мәселе бойынша нақты ұстанымы бар-жоғын сұрады. Евгений Кочетовтың айтуынша, заң жобасында қазір екі норма бар. «Қазір заң жобасында екі норма бар. Біріншісі – материалдық норма, ол 16 жасқа толмаған балаларға шектеу енгізілетінін көрсетеді. Екінші норма верификацияға қатысты. Біз верификацияны онлайн-платформаның өзі жүргізетін тұжырымды ұсындық», – деді ол.
Оның сөзінше, бұл норма әлемдік тәжірибені талдаудан кейін пайда болған. «Әлемдік күн тәртібін бақылап жүрсеңіз, көптеген елдер верификация міндеттемесін өздеріне, мемлекетке алғанын білесіз. Өкінішке қарай, көптеген елде бұл тәжірибе нәтиже бермеді. Аустралияда бұл толыққанды жүзеге аспағанын көрдік, себебі құжаттарға қатысты мәселелер туындады. Мысалы, Францияда осындай норма енгізілгенде жоғарғы конституциялық сот оның бұлай болмауы керектігін мәлімдеді. Ол үкіметке қайтарылып, президент бұл норманы жедел қайта өңдеуді тапсырды. Сондықтан біз онлайн-платформаның өзі пайдаланушыларды верификациялау міндеттемесін алуы керек деген қағидатты ұстандық», – деп түсіндірді вице-министр.
Ол сондай-ақ әлеуметтік желілерде қызықты контент жариялағысы келетін балаларға қатысты сұраққа да жауап берді. «Ата-аналарға балалары туралы айтуға ешкім тыйым салмайды. Яғни мұны ата-ананың аккаунты арқылы жасауға болады. Бұл талантты шектеу туралы емес, балалардың дауысын азырақ есту туралы емес. Ең алдымен оларды психологиялық әсерден, кибербуллингтен және әлеуметтік желілер алып келетін басқа да қауіптерден қорғау туралы. Сондықтан Қазақстандағы талантты балалардың саны бұл түзетуден кемімейтініне сенімдіміз», – деді Кочетов.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салу туралы заң жобасы талқылауға шығарылғаны белгілі болды. Осы жылдың мамырында Кочетов түзету жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында екенін, сондықтан бастаманың егжей-тегжейі әлі талқыланып жатқанын мәлімдеді. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу туралы пікір білдірді.


