Биыл Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жетті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы ұйымдасқан қылмыстық топтар (ҰҚТ) құрамында жасалған ең ауыр қылмыстар бойынша үкімдерді жариялады.

Мәселен, Қарағанды облысында өңірдегі тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды жымқырған қылмыстық қауымдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесіне үкім шығарылды. Сот оларға 13 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Сондай-ақ облыстағы ірі қала құраушы кәсіпорын аумағынан жасырын алаяқтық схемаларды пайдаланып, ұқсас мүлікті жымқыру фактілеріне қатысы бар ҰҚТ көшбасшысы мен төрт мүшесіне айыптау үкімі шығарылды. Оларға 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деді ведомствода.

Алматыда көлік құралдарын заңсыз тіркеуге, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгертуге, сондай-ақ автомобильдерді сату кезіндегі алаяқтыққа қатысы бар ҰҚТ-ның 13 мүшесі ұзақ мерзімге — 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға сотталды.

«Қызылордада жүйелі түрде бопсалаумен айналысқан, оның ішінде кәсіпкерлерге қатысты 8 жергілікті криминалитет өкілі сотталды. Тергеу барысында оларға ҰҚТ-ны басқару және оның қызметіне қатысу айыпталды. Сот үкімімен 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп қосты ІІМ.

Ал астанада есірткі заттарын өткізгені үшін ҰҚТ-ның ұйымдастырушысы мен 5 мүшесі сотталды. Ұйымдастырушы 17 жылға бас бостандығынан айырылды, оның сыбайластары 16 жылға дейінгі мерзімге сотталды.