Қазақстанда медициналық көмек көрсету кезінде денсаулыққа зиян келгені үшін пациенттер мен олардың отбасылары 502 миллион теңгеден астам өтемақы алды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда осы тетік бойынша 502,6 млн теңге төленген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Пациентке сақтандыру компаниясынан өтемақы алуға мүмкіндік беретін жүйе 2024 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Ведомствоның дерегінше, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін 178 296 медициналық қызметкер сақтандырылған: 155 856 адам мемлекеттік медициналық ұйымдарда, 22 440 адам жекеменшік ұйымдарда еңбек етеді. 2026 жылдың басынан бері медициналық ұйымдар 1 867 сақтандыру шартын жасасқан, ал төлемдер 112 жағдайда жүргізілген.

«Пациент бұл соманы медициналық қызметкерден өзі өндіріп алуға міндетті емес», — деп атап өткен министрлік хабарламасында.

Егер пациент немесе оның заңды өкілі медициналық көмек көрсету кезінде өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілді деп есептесе, ол медициналық ұйымға жүгінуге құқылы. Жағдайды тәуелсіз сараптама комиссиясы қарайды.

Оның құрамына бейінді мамандар, кәсіби медициналық қауымдастықтардың өкілдері және Бірыңғай сақтандыру пулына қатысушы сақтандыру ұйымының өкілдері кіреді. Қаралып отырған жағдай орын алған медициналық ұйымның қызметкерлері комиссияға қосылмайды.

Сарапшылар медициналық құжаттар мен көмек көрсету мән-жайларын зерттейді. Сақтандыру жағдайы расталса, сақтандыру ұйымы пациентке немесе оның өкіліне заңнамада белгіленген тәртіппен төлем жасайды.

Медициналық қызметкерлерді сақтандыруды медициналық ұйым төлейді. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде өтемақыны белгіленген шектерде сақтандыру компаниясы жабады. Бұл медиктерді осындай соманы өз бетінше төлеу қажеттілігінен қорғайды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда шетелдік туристер үшін міндетті медициналық сақтандыруды енгізгісі келетінін жазған болатын.