Батыс Қазақстан облысында әйелінің Instagram-дағы суреттеріне лайк басқаны үшін біреуге пышақ жұмсаған ер адамға үкім шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Жәнібек аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.
Іс қысқартылған тәртіппен, ашық сот отырысында, аудио-бейнежазба қолданылып, электрондық форматта қаралды.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 10 мамырда шамамен сағат 02:00-де сотталушы ауыр дене жарақатын келтіру ниетімен жәбірленушімен жанжалдасқан. Жанжалдың себебі — жәбірленушінің оның заңды әйеліне тиесілі Instagram парақшасындағы суреттерге «ұнайды» белгісін (лайк) басуы.
Жанжал барысында сотталушы қалтасынан алдын ала дайындалған, ағаш тұтқалы қоңыр түсті қалта пышағын шығарып, жәбірленушіге қуық аймағына екі рет, жауырын аймағына бір рет пышақ сұғып, содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Салдарынан жәбірленушіге ішкі мүшелері зақымдалған, кіндік аймағындағы іштің алдыңғы бетінен өтетін пышақ жарақаты түрінде ауыр дене жарақаты келтірілген.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасағанына өкініп, жәбірленушіден кешірім сұрады және бұдан былай мұндай жағдай қайталанбайтынына сотқа уәде берді. Ол бас бостандығынан айырылмауды өтінді.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес тағайындалған жаза шартты деп есептелуге қойылды. 3 жылға пробациялық бақылау белгіленді.
Сотталған адамға мынадай міндеттер жүктелді: пробация қызметін хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерін және жұмыс орнын өзгертпеу; алкогольдік ішімдіктер сатылатын қоғамдық орындарға (кафе, бар, мейрамханаларға) бармау; пробация қызметін хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерінен басқа елді мекендерге шықпау; түнгі уақытта — сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін — үйде болу; қасақана құқық бұзушылық жасамау.
Үкім заңды күшіне енді.


