Қазақстанның Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында төрт науқасқа митральді қақпақшаны реконструкциялау бойынша аз инвазивті ота жасалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Митральді қақпақша сол жақ жүрекше мен сол жақ қарынша арасында орналасып, қанды тек бір бағытта өткізеді.
Ота жасалғандардың барлығы хирургиялық тәуекелі жоғары топқа жатты, сондықтан оларға ашық жүрекке классикалық араласуға қарсы көрсетілім болды.
Оталар митральді қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялаудың «шетінен-шетіне» (TEER) әдісі бойынша шеберлік сабағы аясында жасалды.
TEER әдісін қолданғанда дәрігерлер кеуде қуысын ашпайды және жасанды қан айналымын пайдаланбайды. Сан венасы арқылы жүрекке жіңішке катетер енгізіледі, оның көмегімен митральді қақпақшаға арнайы клипса жеткізіледі. Ол қақпақшаның алдыңғы және артқы жапырақшаларын біріктіріп, қанның кері ағынын азайтады. Бұған дейін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында осы технология бойынша оталар жасалған.
«Отаның ерекшелігі — ол жүректің ультрадыбыстық зерттеуінің бақылауымен, контраст енгізбей жасалады. Өңеш арқылы УДЗ қолданып, біз жүректің құрылымын толығырақ қараймыз. Сондай-ақ митральді қақпақшаның 3D-бейнесі қолданылады, оның бақылауымен клипса қажетті жерге орнатылады», — деді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының функционалдық және ультрадыбыстық диагностика бөлімінің меңгерушісі Ақжан Қонысбекова.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының рентгенэндоваскулярлық ота блогының меңгерушісі Алексей Евгеньевичтің айтуынша, мұндай араласудан кейін науқастар тез қалпына келеді және келесі күні-ақ төсектен тұра алады.
Шеберлік сабағы аясында мамандар митральді қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялаудың жаңа DragonFly жүйесін қолдануды да талқылады. Қытай ғылым академиясының академигі, профессор Wang Jian’an оны әзірлеу және клиникалық қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Шетелдік сарапшылармен бірге қазақстандық кардиологтар процедураның техникалық ерекшеліктерін талқылап, араласуларға науқастарды іріктеді.


