14 қыркүйектен бастап Қазақстанда кезекте тұрғандарға мемлекеттен тұрғын үй беру тәртібі өзгереді. Отбасы банкінің мәліметінше, енді инвентаризация азаматтың немесе оның заңды өкілінің дербес деректерді жинауға және өңдеуге жеке келісімінсіз жүргізіледі, ал банк отбасы құрамы, санаты және тұрғын үйінің бар-жоғы туралы мәліметтерді өз бетінше жаңартып отырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұрын инвентаризациядан өту үшін дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім қажет болатын, алайда бұл рәсімсіз тұрғын үй алу мүмкін емес еді. Инвентаризация барысында банк есепте тұрған азаматтар туралы деректерді: олардың мәртебесін, отбасы құрамын, санатын және тұрғын үйінің бар-жоғын жаңартады.
14 қыркүйектен бастап кезекте тұрғандар үшін жаңа ережелер де енгізіледі. Егер кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшесінің меншігінде жалғыз тұрғын үйдің кемінде 50%-ы болса, ол тұрғын үйге мұқтаждар қатарына тұра алмайды. Алайда бұл ереже бұрыннан есепте тұрғандарға қолданылмайды.
Кезекке тұруға өтініш берген адам отбасы құрамына жұбайы мен олардың балаларын ғана емес, сондай-ақ жұбайының ата-анасын, немерелерін және ата-ана қамқоршыларын да – тараптардың өзара келісімімен қоса алады.
Бала асырап алушы ата-анасы асырап алудан, қамқорлықтан немесе қорғаншылықтан бас тартса, өзінің есепке тұрған күнін сақтап қала алады.
Есепке тұру кезінде бөлме саны отбасы мүшелерінің санына байланысты болады. Бір жыныстағы екі баласы бар отбасыларға екі бөлмелі пәтер ұсынылуы мүмкін. Егер балалар әртүрлі жыныста болса, онда үш бөлмелі пәтер беріледі. Шаршы метрге байланыстыру болмайды.
Ауыл тұрғындары жалдамалы тұрғын үйді өздері таңдап, өтінішті өз бетінше бере алады.
Отбасы банкінде инвентаризация тек салынып қойған тұрғын үйді бөлу үшін ғана қажет емес екенін атап өтті. Ол болашаққа құрылысты жоспарлауға – қай жерде көбірек тұрғын үй салу қажеттігін және нақты жағдайды ескере отырып, ресурстарды қалай бөлу керектігін түсінуге көмектеседі.
Айта кетейік, соңғы бес жылда меншігінде тұрғын үйі болмаған кәмелетке толған Қазақстан азаматтары есепке тұра алады. Бұған қоса, жеке жеңілдік санатына жату енді міндетті шарт емес. Дегенмен басымдық әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.
Кезекте тұрғандарға жалдамалы тұрғын үй, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдік ипотекасы ұсынылады.
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік және жалдамалы тұрғын үйді, сондай-ақ жеңілдік ипотекалық қарыздарды бөлу ережелері өзгеретіні хабарланған. Қолжетімді көлемнің кемінде 70%-ы жеке жеңілдік санаттарына қарастырылады.


