Тараз тұрғыны Ұлы дала тарихына арналған танымал «Монополия» үстел ойынының қазақстандық баламасын жасап шықты. Жоба жастарды еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен таныстырып, қазақ тіліндегі үстел ойындарының тапшылығын толтыруды мақсат етеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ойын «Uly Dala Joly: Ұлы Дала Тарихы» деп аталды. Ол Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының шағын гранты аясында жасалды.

«Ойын идеясы достармен «Монополия» ойнаған қарапайым кеште туды. Қазақстанның тарихи орындарына арналған осыған ұқсас ойын жасасам ба деп ойладым. Сөйтіп «Uly Dala Joly: Ұлы Дала Тарихы» дүниеге келді. Ойынның мақсаты — тарихымызды жас ұрпаққа қызықты әрі жақын ету», — деп бөлісті авторы Ақарыс Әуесхан.

Ойын тарихшы ғалымдардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп жасалған. Ол 8 жастан асқан 2–6 қатысушыға арналған. Әзірге ойынның 15 жинағы ғана шығарылды. Сынақ Астана, Қарағанды және Тараз қалаларында өтті.

Жинақтар білім беру мекемелеріне, жастар және волонтерлік ұйымдарға тапсырылды. Әзірлеуші болашақта таралымын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Астананың экономикалық тергеу департаменті 241 млн теңгеге сатып алынған, жанжалға айналған қазақ тілін үйренуге арналған Steppe Rider ойынын тексеріп жатқанын жазған болатын.

Жобаның басты тапсырыс берушісі Ғылым және жоғары білім министрлігі болды. Ойын интернетте пайда болған соң қазақстандықтар оның сапасыздығын қызу талқылай бастады. Пайдаланушылар графикасы кей жерлерде арзан әрі ескірген көрінетінін, қателер мен кемшіліктер қабылдауды қатты бұзатынын атап өтті.

Ойын төңірегіндегі наразылықтан кейін жағдайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов түсіндірді. Ол Steppe Rider-дың нашар жағдайын қосымшаның пилоттық жоба екендігімен түсіндірді. Сондай-ақ ол 2026 жылы ойын жаңартылып, жетілдірілетінін уәде етті.