Қазақстанда 2 қазанда ядролық және радиациялық оқиғаларға жедел мониторинг жүргізу және ден қою орталығы жұмысын бастады. Оның ашылғаны туралы Атом энергиясы агенттігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Орталық Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының ынтымақтастығының нәтижесінде, АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің (DOE/NNSA) қолдауымен құрылды. Ашылу салтанатына Атом энергиясы агенттігінің, АҚШ елшілігінің және DOE/NNSA өкілдері қатысты.

Жаңа құрылымның негізгі міндеттері — радиациялық жағдайды бақылау және талдау, ақпаратты жедел алмасу мен ядролық және радиациялық оқиғалар кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру.

Агенттікте атап өткендей, орталықтың жұмысы жедел әрі негізделген шешімдер қабылдау үшін нақты деректерді уақтылы алуды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар орталық ұлттық ядролық және радиациялық қауіпсіздік жүйесінің ықтимал оқиғаларға дайындығын арттырып, мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдардың өзара іс-қимылын жолға қоюға көмектеседі деп күтілуде.

Болашақта орталықтың техникалық және талдамалық мүмкіндіктерін дамыту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, мамандар даярлап, олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ практикалық жаттығулар өткізу жоспарлануда.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, Нью-Делидегі «БРИКС плюс» саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық державаларды жаңа технологияларға байланысты тәуекелдерді азайту үшін жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауға шақырды. Президент ұзаққа созылған қақтығыстар мен халықаралық қауіпсіздік жүйесінің әлсіреуі жаңа қару жарысы мен стратегиялық қателіктер қаупін арттыратынын ескертті.