Қазақстандық және тәжікстандық дәрігерлер тәжірибе алмасып, бірлескен ота жасап, шеберлік сабақтарын өткізеді. Бұл — Қазақстан медицинасы күндері аясында жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тәжікстанға республикалық ғылыми орталықтардың кардиология, онкология, акушерлік-гинекология, педиатрия және травматология саласындағы мамандары, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері жолға шықты. Делегацияны денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов бастап барды.

Қатысушылар кардиология, кардиохирургия, эндокринология, травматология, акушерлік-гинекология, педиатрия және басқа да бағыттар бойынша жұмыс істейтін болады. Олар пациенттерге кеңес беріп, ота жасап, шеберлік сабақтарын өткізіп, күрделі клиникалық жағдайларды талқылайды.

Душанбеде қазақстандық мамандар Тәжік акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми-зерттеу институтына барды. Онда олар бөлімшелердің жұмысымен танысты.

Тәжік дәрігерлері үшін қазақстандықтар акушерлік қан кетулерді емдеудің заманауи тәсілдері бойынша арнайы презентациялар дайындады.

Тағы бір семинар қалқанша безінің қатерсіз түйіндерін емдеуге арналды. Дәрігерлер радиочастоттық абляция әдісін талқылады. Бұл — түйінді радиочастоттық энергиямен жоюға мүмкіндік беретін аз инвазивті әдіс.

Қазақстандық дәрігер Арман Ибраев тәжік әріптестерімен бірге қалқанша безі аурулары бар пациенттерге кеңес беріп, клиникалық жағдайларды талдады.

Жақын арада мамандар ЛОР-хирургия, балалар мен ересектер травматологиясы, неонатальды хирургия, балалар ауруларын емдеу және онкоурология бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар бірлескен медициналық форум өткізіп, Қазақстан мен Тәжікстанның медициналық ұйымдары арасында меморандумдарға қол қоюды жоспарлап отыр.