Жапонияның Айти-Нагоя өңірінде өтіп жатқан Азия ойындары-2026-да қазақстандық спортшы Сейілхан Болатбек тұғырға көтерілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
21 жастағы джитсер 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ширек финалда ол жеңіліс тапқанымен, жұбату айналымы арқылы қола медаль үшін белдесуге жол тартты.
Үшінші орын үшін таласта Болатбектің қарсыласы — финалға шығуға бір қадам жетпей қалған отандасы Адлан Мадаев болды. Екі қазақстандықтың жекпе-жегі Болатбектің 2:0 есебімен жеңісімен аяқталды — ол Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Жұбату айналымында Абдулла Дабыл да (94 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) сынға түсті, бірақ ол медаль үшін белдесуге жете алмады. Осы салмақта Қазақстанның тағы бір өкілі Максат Төленді 1/8 финал кезеңінде жарыстан шығып қалды. Галина Дуванова (52 келіге дейін) алғашқы белдесуінде-ақ дисквалификация алды.
Осылайша, Қазақстанның джиу-джитсу құрамасының қоржынында Азиада-2026-ның үш медалі бар. Бір күн бұрын Нұржан Батырбеков (69 келіге дейін) күміс, ал Жібек Күлүмбетова (48 келіге дейін) қола жүлде жеңіп алған болатын.


