Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бес жыл ішінде Оңтүстік-Шығыс Азиядан еңбек құлдығының құрбаны болған 60-қа жуық азаматты әкелді. Бұл туралы ведомствоның «Курсив» басылымының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды infohub.kz.

Құжатта атап өтілгендей, қазақстандықтарды көбінесе Оңтүстік-Шығыс Азияның қылмыстық топтары ұйымдастыратын еңбек құлдығына тартады. Негізгі ошақтар Мьянма, Лаос және Камбоджаның жекелеген аудандарында орналасқан. Ал Таиланд пен Вьетнам транзиттік елдер ретінде пайдаланылады.

«Осы орайда министрлік азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу туралы ұсыныстарды мұқият тексеруді, құжаттарды үшінші тұлғаларға бермеуді және шетелге шыққанда сақтық шараларын сақтауды ұсынады», — деп атап өтті СІМ.

Ведомство қазақстандықтар үшін аса қауіпті шетелдік мемлекеттердің қара тізімін жүргізбейді. Оның орнына СІМ азаматтарға баратын ел туралы өзекті ақпаратпен алдын ала танысуды, жергілікті заңнама талаптарын сақтауды және төтенше жағдай туындаған жағдайда Қазақстанның жақындағы шетелдік мекемесіне дереу хабарласуды ұсынады.

Бұған дейін «Курсив» басылымы Қазақстанда кімдер құлдыққа жиі түсетіні және қандай себептермен екенін хабарлаған болатын.