Қызылорда облысындағы Баласауысқандық кен орнын игеріп жатқан британдық Ferro-Alloy Resources компаниясы АҚШ-тың мемлекеттік құрылымдарына қаржыландыруға өтінім беріп, сирек кездесетін иттрийді қосымша өнім ретінде өндіру мүмкіндігін зерттей бастады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Компания AIX-тегі стратегиялық жаңартуда маңызды минералдарды жеткізуге мүдделі бірнеше американдық мемлекеттік институттармен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ferro-Alloy Resources гранттық қаржыландыру, сондай-ақ жеңілдетілген қарыз және үлестік инвестициялар алуға алғашқы өтінімдерін берді.

Сонымен қатар, компания әлеуетті серіктестермен феррованадий өндірісін АҚШ-тың металлургия және қорғаныс өнеркәсібінің жеткізу тізбегіне интеграциялау нұсқаларын талқылауда. Қарастырылып жатқан нұсқалардың ішінде – серіктестік, бірігу немесе ынтымақтастықтың басқа да нысандары.

Дамудың тағы бір бағыты сирек жер элементтерін өндіру болуы мүмкін. Компания Баласауысқандық кенінен иттрийді бөліп алу бойынша зерттеулерді бастады. Ferro-Alloy Resources деректеріне сәйкес, кен орнындағы иттрий мөлшері тоннасына шамамен 100 граммды құрайды, ал Қытайдан тыс жерлерде иттрий оксидінің бағасы килограмына шамамен $1,2 мыңға жетеді. Компания кен орнындағы иттрий қорларының әлеуетті құнын шамамен $4,57 млрд деп бағалайды, алайда жобаның түпкілікті экономикасы металды бөліп алу деңгейі мен қайта өңдеу шығындарына байланысты болатынын атап өтеді.

Сонымен қатар, Ferro-Alloy Resources қолданыстағы өндірісті дамытуда. Компания ауыл шаруашылығы шиналарын өндірушіден техникалық көміртегінің алмастырғышына 20 тонна алдын ала тапсырыс алды және Master Tyre компаниясымен бірге жеңіл автомобиль шиналарына арналған өнімдерді сынауды жалғастыруда.

Қолданыстағы кәсіпорында ванадий құрамды катализаторларды қайта өңдеу технологиясы жаңартылды, бұл өндірістік қуаттылықты шамамен 58%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, компания Қазақстан ғылым қорынан $500 мың грант алып, ванадий және молибден өнімдерін болашақта жеткізуге алдын ала төлем жасау бойынша жалпы сомасы $2 млн келісімшарт жасады.

Ferro-Alloy Resources Қызылорда облысындағы Баласауысқандық кен орнын игеруде. Компания оны әлемдегі ең ірі ванадий жобаларының бірі деп атайды. Бұған дейін жарияланған ТЭН нәтижелері бойынша, жобаның таза келтірілген құны $748 млн деп бағаланады, ал күрделі шығындарды алдын ала қайта қараудан кейін $932 млн-ға дейін өсуі мүмкін.

Ferro-Alloy Resources Limited компаниясының ең ірі акционері – Vision Blue Resources Limited жеке инвестициялық қоры, үлесі 22,5%. Қазақстандық жобаның операциялар жөніндегі директоры және негізгі басшыларының бірі Андрей Кузнецов 12,1% акцияға ие, бас директор Ник Бриджен – 10,7%. Қалған қағаздар жеке инвесторлар арасында бөлінген және нарықта еркін айналымда.

Бұған дейін «Курсив» Ferro-Alloy Resources компаниясы Қазақстанда ванадий өндіруге $500 млн салуға дайындалып жатқанын жазған болатын.