«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерге ерекше өтінішпен шықты — табиғи қажеттіліктерін өтеу үшін тек санитарлық тораптарды пайдалануды сұрайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Компанияның баспасөз қызметі республикалық автомобиль жолдарының бойында жылытылатын және суық дәретханалар жұмыс істейтінін еске салды. Олар әрбір саяхатшының таза әрі ыңғайлы дәретхананы пайдалана алуы үшін арналған. Алайда кейбір нысандарда адамдар кезек күткісі келмей, дәретхана ғимаратының артына барып жатқан жағдайлар тіркеледі. Бұл аумақтың ластануына, жағымсыз иістің, қоқыстың пайда болуына және антисанитарияға әкеледі.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді айналасындағыларға құрмет көрсетуге және мәдениет пен гигиенаның қарапайым ережелерін сақтауға шақырды. Атап айтқанда, сәл күтуге тура келсе де, санитарлық тораптарды пайдалану, аумақта қоқыс пен дәретхана қағазын қалдырмау, ортақ пайдалануға арналған мүлікті қорғау және күн сайын тазалықты сақтайтын қызметкерлердің еңбегін құрметтеу ұсынылады.