2025 жылдың қорытындысы бойынша фосфорит кенін өндірумен және тыңайтқыш шығарумен айналысатын «Казфосфат» компаниясының шығыны 14,65 млрд теңгені құрады. Компания иелерінің қатарында ресейліктер, миллиардер Владимир Ким және мәжіліс экс-спикері Нұрлан Нигматуллиннің ұлдары бар, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2025 жылғы есепке сәйкес, компания шығыны өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астамға қысқарған: 2024 жылы ол 33,2 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар, сатып алушылармен жасалған келісімшарттар бойынша компанияның түсімі 80%-ға өсіп, 217,9 млрд теңгеге жетті. Өнімнің өзіндік құны да 67%-ға артып, 159,8 млрд теңгені құрады.
Компания түсімінің негізгі бөлігін аммофос – азот-фосфор тыңайтқышын сату әкеледі. Оны өткізуден түскен табыс 84%-ға өсіп, 190 млрд теңгеге жетті. Тағы 24 млрд теңгені ұсақталған кенді сату әкелді. Өзіндік құнның өсуіне ең көп әсер еткен – шикізат пен материалдар құнының 33%-ға (80 млрд теңгеге) артуы, сондай-ақ жалақы шығындарының 77%-ға (17 млрд теңгеге) өсуі.
Компанияның өткізу және тасымалдау шығындары айтарлықтай – 40%-ға өсіп, 23,9 млрд теңгеге жетті, ал жалпы әкімшілік шығындар азайып, 14,3 млрд теңгені құрады.
Нәтижесінде «Казфосфаттың» операциялық пайдасы 11,6 млрд теңге болды, алайда оны қаржыландыру шығындары – 14,6 млрд теңге, сондай-ақ бағамдық айырмадан болған 5 млрд теңге көлеміндегі елеулі шығын «жеп қойды». Бір жыл бұрын компания бағамдық айырмадан пайда көрген еді.
Сонымен қатар, компанияның табыс салығы бойынша шығындары 6 млрд теңгені құрады. Өткен жылы операциялық шығынға байланысты компания салықтан 5 млрд теңге үнемдеген.
2025 жылдың соңына қарай Halyk Bank, «Қазақмыс» және әртүрлі байланысты тараптар тарапынан компанияға берілген жалпы қарыз сомасы 156 млрд теңгені құрады.
«Казфосфат» фосфорит кенін өндіреді және өңдейді, минералды тыңайтқыштар шығарады. Компания Жамбыл облысындағы Шолақтау, Ақсай, Көксу, Кистас, Жаңатас кен орындарын игеруде. Ол Тараздағы минералды тыңайтқыштар зауытына және Степногорскідегі химия зауытына иелік етеді.
«Казфосфат» компаниясы МФЦА-да тіркелген CAF Holding-ке тиесілі. Оның иелері, өз кезегінде, KP Fertilizers Ltd. (МФЦА) – 50%, Kazakhmys Resources B.V. – 40%, сондай-ақ мәжіліс экс-спикері Нұрлан Нигматуллиннің ұлдары Нұрланұлы Нұрхан – 5% және Нұрланұлы Нұржан – 5%.
Голландиялық Kazakhmys Resources B.V. компаниясы, шамасы, байлығы $5,9 млрд деп бағаланатын миллиардер Владимир Киммен байланысты. Бұрын ол оның иесі ретінде тіркелген.
KP Fertilizers Ltd. «Қазхимпром Холдингке» тиесілі. Оның иелері – «Уралхимнің» бұрынғы топ-менеджерлері, ресейліктер Евгений Шавель (үлесі 33,34%), Михаил Генкин (33,33%) және Сергей Момцелидзе (33,33%).
Бұған дейін Владимир Кимге тиесілі Kazakhmys Copper компаниясы Bank RBK-ге кепілдік ретінде осы банктегі шоттарында $250 млн ұсынатыны хабарланған. Кепілдік Владимир Ким де ортақ иесі болып табылатын фосфор компанияларының қарыздары бойынша енгізіледі.


