Жаңаөзенде күйік бөлімшесін ашуға бөлінген демеушілік қаражатты жымқыру схемасы әшкереленді. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері анықтағандай, медициналық жабдыққа аударылған 223 млн теңгенің тек 92 млн теңгесі ғана мақсатына жұмсалған, ал аурухана кешенді жабдықтаудың орнына екі күйікке қарсы төсек алған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету туралы өтініш білдірген. Осыдан кейін «ОзенМұнайГаз» АҚ «Жарылқау» қоғамдық қорына 223 млн теңге аударған.

Бастапқыда жоба сегіз түрлі медициналық жабдықты сатып алуды және қызметкерлерді оқытуды көздеген. Алайда кейін шарттар өзгертіліп, бөлімшені кешенді жабдықтаудың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында тек екі күйікке қарсы төсек сатып алуға үшжақты шарт жасалған.

«Бұл ретте сатып алу осындай құны бар медициналық техниканы Бірыңғай дистрибьютор арқылы алуды көздейтін заңнама талаптарын айналып өтіп жүргізілген», — деп нақтылады Қаржылық мониторинг агенттігінде.

Тергеу деректері бойынша, заңсыз схемаға қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының жетекшісі, жеткізуші, сондай-ақ Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары қатысқан.

Нәтижесінде жабдық сатып алуға тек 92 млн теңге жұмсалған. Қалған сома үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.

«AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен тапқан кіріске астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғаларға рәсімдеген», — деп қосты ҚМА-да.

Үш күдікті қамауға алынды. Жаңаөзен әкімінің экс-орынбасарына қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша тергеу басталды. Схемаға қатысушылардың мүлкіне, оның ішінде 3 пәтер, 2 тұрғын үй және бір автокөлікке тыйым салынды.

Тергеу жалғасуда.

Бұған дейін «Курсив» Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы алаяқтық фактілері бойынша 36 қылмыстық істі тергеп жатқанын жазған.