Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев жаңа оқу жылының басталуына орай студенттермен кездесті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Ректор университеттің алдағы жоспарлары туралы да айтып, президенттің жолдауында белгіленген, жастарды қолдауға және дамытуға бағытталған тапсырмалардың іске асырылуы жөнінде ақпарат берді.

Іс-шараға бірінші курс студенттері, «Алтын белгі» белгісінің иегерлері, халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ оқу орнының қоғамдық өміріне белсене қатысатын жастар қатысты. Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 30 мыңға жуық студент білім алады. Жаңа 2026-2027 оқу жылында университет студенттерінің қатарын 8117 бірінші курс студенті толықтырды, олардың ішінде 674 «Алтын белгі» белгісінің иегері мен республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы бар.

Жоғары оқу орнының басшысы студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Жансейіт Түймебаев өз сөзінде қазіргі кезеңде жоғары білім жүйесінің алдында жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті.

«Біз үшін ең басты құндылық – студент. Сондықтан цифрлық трансформация ең алдымен жастардың сапалы білім алуына, ғылыми ізденісіне және кәсіби дамуына ықпал етуі тиіс. ҚазҰУ студенттері еліміздің цифрлық экономикасын қалыптастыратын мамандардың жаңа буыны болуы керек», – деді ректор.

Кездесу барысында жастардың азаматтық жауапкершілігі мен қоғамдық мәдениеті мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ректор заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық ортада этикалық нормаларды ұстану, үлкенді сыйлау және кішіге қамқорлық жасау әрбір студенттің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін атап өтті.

Сонымен қатар университет басшысы студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға, спортпен тұрақты шұғылдануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырды. Университет аумағының тазалығын сақтау мен жасыл желектерге ұқыпты қарау да әрбір жастың ортақ жауапкершілігі екені айтылды.

Оқу мәдениетін қалыптастыруға және жастардың зияткерлік деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы ұсынған отандық әдебиеттің үздік туындыларын оқудың маңыздылығын атап, студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру қажеттігін айтты.

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев студенттердің жаңа идеялары мен бастамалары университеттің дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, жастарды ғылымның, инновациялардың және еліміздің цифрлық трансформациясының дамуына белсене үлес қосуға шақырды.