Массачусетс штатындағы Cape Wildlife Center жабайы табиғатқа көмек көрсету орталығы сирек кездесетін даму аномалиясы – бицефалиямен туған түйіршікті тасбақаның баласын зерттеп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Салмағы небәрі 5,2 грамм болатын кішкентай бауырымен жорғалаушыны еріктілер Массачусетс штатындағы Кейп-Код түбегіндегі қорғалатын ұя салу аумағынан тапқан. Тексеру кезінде тасбақаның екі басы да толыққанды жұмыс істейтіні анықталды: олар қоршаған ортаға әрекет етіп, тәбет танытып отыр.

Жабайы табиғат орталығының мамандары рентгенография арқылы жануардың екі тәуелсіз тыныс алу жүйесі мен бір асқазан-ішек жолына апаратын екі өңеші бар екенін анықтады.

Қазір ветеринарлар ерекше баланың өсуін, мінез-құлқын және қозғалыс координациясын бақылап отыр. Бицефалия бауырымен жорғалаушыларда өте сирек кездеседі, алайда соңғы жылдары бұл Кейп-Кодтағы алғашқы жағдай емес. Түйіршікті тасбақалар Массачусетсте осал түр ретінде қорғауға алынған, сондықтан бұл табылым зерттеушілер үшін ерекше құнды.

Болашақта ветеринарлар тасбақаның қан айналым жүйесінің құрылысын зерттеу үшін томографиялық тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Егер жануар асқынусыз дами алып, екі басының әрекетін үйлестіруді үйренсе, оны табиғатқа жібереді, әйтпесе бауырымен жорғалаушыны питомникте тұрақты бақылауда қалдырады.