Ресей Федерациясының Кемерово облысындағы Ягуново ауылының маңында Ан-12 ұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, 17 адам қаза тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Авиациялық оқиға туралы Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк мәлімдеді. Оның айтуынша, болған жайдың мән-жайы анықталып жатыр, ал өзі апат орнына аттанған.
«Ягуново ауылының маңында авиациялық оқиға болды. Оқиға орнына бардым. Жергілікті жерде жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Өңір тарапынан қажетті көмек көрсетілуде», — деп келтіреді оның сөзін РИА Новости.
Құлаған жерде өрт сөндірушілер мен полиция жұмыс істеп жатыр. Mash Telegram-арнасы Ягуновода дәл Ан-12 ұшағы апатқа ұшырағанын нақтылап, 17 адамның қаза тапқанын хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, әуе кемесі әлі ауада тұрғанда өртеніп, кейін күрт төмен құлдилап, құлаған кезде жарылған.
Shot Telegram-арнасының жазуынша, Кемерово маңындағы Ан-12 апатының себебі қозғалтқыштың тұтануы болуы мүмкін. Арнаның дерегінше, ұшақтың бір қозғалтқышы дәл ауада өртеніп, соңынан борт күрт құлдилай бастаған.


