Кенияның орталығындағы Самбуру округінде орналасқан Ололокве тауында тікұшақ апатқа ұшырап, бортындағы алты адамның барлығы қаза тапты. Бұл туралы әуе апаттарын тергеу қызметінің өкілдері BBC-ге хабарлады.
Әуе апаттарын тергеу департаменті қаза тапқандардың жеке басы әлі анықталмағанын мәлімдеді. Жергілікті БАҚ деректеріне сүйенсек, тікұшақта туристер болған.
Кения азаматтық авиация әкімшілігі (KCAA) апат жергілікті уақыт бойынша шамамен 09:13-те (06:13 GMT) болғанын хабарлады. Тікұшақ Лосаибадағы жабайы табиғат қорығынан Эвасо Ньиро өзеніне қарай әуе саяхатын жасап бара жатқан. Бұл өзен бірнеше ұлттық қорықтардың бойымен ағып өтеді.
Әлеуметтік желіде тараған суретте Ололокве тауындағы апат орнынан түтін көрінеді. Кения Қызыл Кресті BBC-ге апат орнына әлі жету мүмкін емес екенін, алайда жағдайды бағалау үшін дрондар қолданылып жатқанын айтты.
KCAA мәліметінше, апатқа ұшыраған тікұшақ — Eurocopter EC130 B4 үлгісі. Әкімшілік жедел жұмыстарды үйлестіріп жатыр. Көлік министрлігі мен Әуе апаттарын тергеу департаменті апаттың мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүргізетінін мәлімдеді.


