Кенияның Амбосели ұлттық саябағында соңғы бір ай ішінде 15 піл кенеттен өліп, тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Кения жабайы табиғат қызметі хабарлады. Өлген пілдердің 10-ы екі күн ішінде жартылай сал болып, содан кейін опат болған. Қалған бес пілдің өлекселері шіріп немесе жыртқыштар жеп кеткендіктен, өлім себебін анықтау мүмкін болмады. Зардап шеккен пілдердің көбі ұрғашы және олардың төлдері екені анықталды, бір ғана еркек піл өлген.

Өлімдер саябақты қоршап жатқан Кимана қорығы мен Куку ранчо аумағында тіркелген. Бұған дейін Кенияда браконьерлік немесе адам мен жабайы табиғат арасындағы қақтығыс салдарынан пілдердің улану оқиғалары болған. Найроби университетінің зертханасында пілдерден алынған үлгілерді алдын ала тексеру кезінде «потенциалды улы зат» табылса, мемлекеттік зертхананың сынақтары сыналған уларға теріс нәтиже берген.

Қызмет қосымша сынақтар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. «Қоршаған ортаны тексеру жұмыстары да жүргізілуде. Атап айтқанда, зардап шеккен аймақтардағы су көздері мен басқа да ықтимал ластаушы заттарға талдау жасалып, пілдердің ортақ көзден әсер алған-алмағаны анықталады», – делінген ведомствоның мәлімдемесінде. Билік жұртшылықты сендіріп, бұл жағдайдың адамға жұғатыны туралы дәлел жоқ екенін айтты.

Амбосели әлемге пілдері мен саванналық ландшафттарымен танымал, бұл жерден Килиманджаро тауы көрінеді. Саябақта шамамен 2000 піл мекендейді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.