Көкшетауда жеті жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болып, жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам қаражаттан айырылды. Осы фактіге қатысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ порталының мәліметінше, күдікті өзінің таныстарына мемлекеттік немесе жалдамалы баспана алу кезегін жылжытуға көмектесетінін ұсынған. Қызметі үшін ол ақшалай сыйақы талап еткен. Алғашқы арыз маусым айында Көкшетау қалалық полиция басқармасына түскен. Кейіннен осыған ұқсас арыздармен басқа да азаматтар жүгінген. Жеті жәбірленушіге келтірілген жалпы залал 20 млн теңгеден асты.

Полицияда: «Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, тергеу изоляторында отыр. Сотқа дейінгі тергеу аясында жасалған қылмыстардың барлық мән-жайы мен егжей-тегжейі анықталуда», — деп хабарлады.

Құқық қорғау органдары азаматтарды сыйақы үшін мәселені шешуге уәде беретін күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Алаяқтар бөтен ақшаны иемдену үшін әртүрлі сылтауларды пайдаланады, соның ішінде баспана алуға, жұмысқа орналасуға, құжаттарды рәсімдеуге және басқа да қызметтерге көмектесетінін айтады.

ІІМ-де: «Егер сізге ақшаға мемлекеттік қызметті "тездету" немесе белгіленген тәртіптен тыс мәселені шешу ұсынылса, ақша бермеңіз және тиісті мемлекеттік мекемеге хабарласып, ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеріңіз», — деп қосты.