Хормуз бен Баб әл-Мандеб бұғаздары арқылы кеме жүрісінің тоқтауы теңіз сақтандыру бағасын күрт қымбаттатты. Әлемдік экономика үшін маңызды екі су жолы қазір соғыс алаңына айналды, деп хабарлайды infohub.kz.

Йемендік хусилер (Иран қолдайтын топ) осы апта басында Қызыл теңіз бен Үнді мұхитын жалғайтын Баб әл-Мандеб бұғазында Сауд Арабиясы порттары мен кемелеріне блокада жариялады. Бұл – АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты Хормуз бұғазындағы үзілістердің үстіне келген жағдай. Тегеран кемелердің бұғаздан өту үшін рұқсат алуы керектігін мәлімдесе, АҚШ Иранға қатысты кемелерге теңіз блокадасын енгізді.

Хормуз бұғазындағы жағдайға келсек, Иран Ислам революциясы күзет корпусы (ИРКК) бейсенбіде бір танкердің жарылыстан өртенгенін хабарлады. ИРКК үш кеменің АҚШ бұйрығымен әрекет еткенін айтып, «Хормуз бұғазы біздің бақылауымызда, мұнай таситын кемелердің кіруіне немесе шығуына тыйым салынды» деп ескертті. Соғысқа дейін бұғаздан күніне 120-140 кеме өтетін болса, қазір бұл көрсеткіш не бары екі танкерге дейін төмендеген. S&P Global мәліметінше, сейсенбіде бұғаздан 10 кеме өткен (дүйсенбіде 16 болған).

Сақтандыру бағасы да айтарлықтай өсті. S&P Global есебінде бұрын кеме құнының 1-3 пайызын құраған соғыс тәуекелін сақтандыру енді 7,5-10 пайызға жеткен. Парсы шығанағынан Қытайға мұнай тасымалдау құны бір метрикалық тонна үшін 77,96 доллар болып, бес жылдық орташа көрсеткіштен төрт есе жоғары. Осы бағамен 270 мың тонналық танкерді сақтандыру шамамен 21 миллион доллар тұрады.

Баб әл-Мандеб бұғазында хусилер Сауд Арабиясына қарсы теңіз блокадасын жариялап, екі сауд арабиялық мұнай танкеріне шабуыл жасады. Сауд Арабиясының SPA агенттігі Encelia танкерінің зақымданғанын растады. S&P есебі бойынша, бұғаздағы кеме қатынасы сейсенбіде 30 пайызға азайып, 41 кемеден 29-ға түскен. Баб әл-Мандеб арқылы өтетін кемелер үшін сақтандыру сыйлықақысы 0,5 пайызды құраса, батыс Сауд Арабиясы маңындағы Қызыл теңізде бұл көрсеткіш 0,1 пайыз.