«Киетін жері жоқ» кештерінің тренді Қазақстанға да келді, деп хабарлайды infohub.kz.

Мұндай шаралар Instagram және TikTok желілеріндегі ирониялық видеолардан бастау алған: пайдаланушылар алдымен күнделікті киімдерін көрсетіп, содан кейін ерекше немесе өте сәнді киімдерін көрсетеді. Сол киімді «серуендету» үшін айлар бойы күтуге тура келетін арнайы оқиға қажет.

Шамамен 2024–2025 жылдары мұндай «сән көрсетілімдері» офлайнға көшті. Нарық бейімделді: АҚШ-та қолдан жасалған бұйымдар сататын Etsy платформасында «Nowhere to wear it party» (Киетін жері жоқ кеш) шақырулары пайда болды.

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар осындай кештен видео жариялады. Онда бозбалалар мен бойжеткендер үй есігін салтанатты түрде ашып, үйлену көйлектерімен, жұмыс комбинезонымен, тіпті әскери формамен шеру жасайды. Пікірлерде пайдаланушылар бұл форматты жоғары бағалады.

«Маған дереу осындай кеш ұйымдастыру керек», «Сізге қосылуға бола ма? Менің ондай киімдерім жетіп-артылады», «Шкафымды аштым, жарты шкаф киімнің киетін жері жоқ. Мүмкін мен барлық әбілдеуілдерімді киіп, орамжапырақша келер ем», – деп жазды қазақстандықтар.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle зумерлер мен миллиениалдар арасындағы тағы бір тренд – күнделікті істермен айналысатын «ересектер» кештері туралы жазған болатын.