Корей Халық Демократиялық Республикасының көшбасшысы Ким Чен Ын Пхеньянда өткен киім және аяқ киім көрмесін аралады, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Іс-шара солтүстіккореялық басшы шұғыл ауруханаға жатқызылып, комаға түсті деген БАҚ-та тараған қауесеттерден кейін ұйымдастырылды.

NUR.KZ-нің мәліметінше, 20 қазанда Корея Орталық телеграф агенттігі (КОТА) 19 қазанда Ким Чен Ын Пхеньянда жеңіл өнеркәсіп саласында өткен киім және аяқ киім көрмесін аралағанын хабарлады. Агенттік дерегінше, жалпы мемлекеттік киім және аяқ киім көрмесі КХДР-да жыл сайын қазан айында өтеді.

Ким Чен Ын көрменің «дайындық тұрғысынан ауқымы, мазмұны мен нысаны жағынан былтырғыдан өзгеше болып, үлкен қадам жасағанына» ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар қарсаңында британдық The Sun таблоиды солтүстіккореялық көшбасшы қатты қан кетуден кейін шұғыл көмек көрсету үшін Бейжіңдегі ауруханаға жедел жеткізілгенін жазды. Жарияланымда Ким Чен Ын комаға түсті деп те айтылған.