Корей Халық Демократиялық Республикасының конституцияда бекітілген ядролық мәртебесін даулауға бағытталған кез келген әрекетті Пхеньян ашық соғыс жариялау және егемен мемлекеттің ішкі істеріне араласу деп қарайды. Бұл туралы КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл мәлімдеме солтүстіккореялық көшбасшы ядролық материалдар өндіретін және ядролық қаруды зерттейтін нысандарды аралаған кезде жасалды. Ким Чен Ын Пхеньян ел конституциясында бекітілген ядролық мәртебеден бас тартуды көздемейтінін, ал оны күмәнға алуға бағытталған кез келген әрекетті дұшпандық әрекет деп бағалайтынын атап өтті.

«Кім де кім біздің мемлекеттің конституциялық мәртебесін жоққа шығаруға немесе оған қол сұғуға тырысса, бұл егемендікті өрескел бұзу және ішкі істерге араласу болып табылады, әрі конституция мен мемлекеттік құрылыстан бас тартуға мәжбүрлейді. Біз мұны ашық соғыс жариялау деп қараймыз, ал оны жасаған адамды — өз дұшпанымыз деп санаймыз», — деді ол.

КХДР көшбасшысы конституцияда мәңгілікке бекітілген ядролық қаруға ие мемлекет мәртебесінің толық қол сұғылмайтынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Пхеньянға ядролық қауіп-қатерді тежеу және қажет болған жағдайда қарсы соққы беру үшін күшке ие болу жеткілікті, әрі ол біреудің мойындауын немесе мақұлдауын көздемейді.

Ким Чен Ын Америка Құрама Штаттарын жаһандық ядролық әскери одақтар жүйесін, оның ішінде Азия-Тынық мұхиты аймағында құруға кінәлады. Оның пікірінше, КХДР-ға қарсы әрекеттер салдарынан ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық жүйе іс жүзінде қирап, мұндай қаруды қолдану қаупі артып отыр.

КХДР басшысы ядролық күштерді ұлғайтуды егемен мемлекеттің өзін-өзі қорғау құқығына сай заңды және негізді қорғаныс шарасы деп атады. Ол ядролық материалдар өндіру қуатын арттыру жөніндегі міндеттердің орындалуына оң баға беріп, тактикалық ядролық қаруды қолдану аясын кеңейту қажеттігін атап өтті.

Бұған дейін солтүстіккореялық көшбасшы Ким Чен Ын ядролық қару жасауда жаңа рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өткені хабарланған болатын.