Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауылы қызыл екен.
Құйрық жүні ұзын екен.
Қырғауылы қырқылдап,
Жалтыр мұзға сыртылдап,
Алшая келіп қоныпты,
Шаты айырылып қалыпты.
Қисая жатып қырғауыл
Сонда мұздан сұрапты:

— Мұз, мұз, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, бауырымды жаңбырға тестірмес едім.

— Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім.

— Жер, жер, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жардырмас едім.

— Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлқымас еді.

— Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк шұнақ қасқырға құйрығымды жұлқытпас едім.

— Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, көк мылтыққа құйрығымды ойдырмас едім.

— Көк мылтық, көк мылтық, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.

— Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың?

— Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім.

— Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?

— Алты батпан ауырды арқалаған күштімін, жеті батпан ауырды желкелеген күштімін, – деген екен құмырсқа.