Кимберли Гилфойл АҚШ-тың Грециядағы елшісі қызметінен отставкаға кетті. Ол лауазымдық жағдайын пайдаланды және қорқытып ақша талап етті деп айыпталуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ол кететінін X әлеуметтік желісінде жариялады. «АҚШ-тың Грециядағы елшісі болу — өмірімдегі үлкен құрмет. Президент Дональд Трамп пен мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға әлем тарихындағы ең ұлы елдің атынан сөйлеу сияқты ерекше артықшылықты маған сеніп тапсырғандары үшін мәңгі ризамын», — деді ол.

Дональд Трамптың кіші ұлының бұрынғы қалыңдығы елші болған алғашқы күннен бастап президенттің күн тәртібін ілгерілету жолында жұмыс істегенін атап өтті. Сондай-ақ дипломат өзіне қатысты жанжалға түсініктеме берді.

«Сондай-ақ маған қатысты жақында айтылған айыптауларға назар аударғым келеді. Бұл айыптаулар жалған, мен өз атымды, беделімді және абыройымды қорғауға ниеттімін. Мен кәсіби өмірімді әділдік үшін күреске, дұрыс істі қорғауға және Американы ерекше ететін құндылықтарды ұстануға арнадым. Жалған айыптаулардың менің ондаған жылдық мемлекеттік қызметімді айқындауына жол бермеймін», — деп жазды ол.

Euronews хабарлауынша, Ақ үйге жақын дереккөздерге сілтеме жасаған бірқатар американдық БАҚ Грециядағы елшінің — Трамптың үлкен ұлының бұрынғы қалыңдығының — лауазымдық жағдайын жеке мүддесі үшін пайдалануы, қорқытып ақша талап етуі, тіпті грек шенеуніктеріне қауіп төндіруі мүмкін екенін хабарлады. Сондай-ақ басылым Ақ үйде бұл отставканың жанжалға қатысы бар-жоғын ресми түрде нақтыламағанын жазады.