«Тақтар ойыны» жұлдызы Кит Харингтон HBO-дың «Гарри Поттер» сериалының екінші маусымының актерлік құрамына қосылды. Джон Сноу рөлімен танымал актер профессор Златопуст Локонс рөлін сомдайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Харингтон бастапқыда бұл рөлге бекітілген, бірақ кестедегі қайшылықтарға байланысты жобадан кеткен Николас Холтты алмастырады: Локонс қатысатын көріністердің түсірілімі ауыстырылды, ал актер жаңа кестеге бейімделе алмады.

Харингтон үшін бұл кейіпкер жаңа емес: өткен жылы ол «Гарри Поттердің» аудионұсқасында Локонсты дыбыстаған болатын. Енді оған қараңғы өнерден қорғау пәнінің өзіне сенімді мұғалімін экранда сомдау керек.

Локонс Джоан Роулингтің екінші кітабы — «Гарри Поттер және құпия бөлмеде» пайда болады. 2002 жылғы фильмде оны Кеннет Брана ойнаған. Кейіпкер даңққа құмарлығымен, өзін-өзі мақтауымен және өз ерліктері туралы әсерлі әңгімелерімен танымал.

Екінші маусымның түсірілімі күзде басталады. Бірінші маусымның тұсаукесері Рождествоға жоспарланған, басты рөлдерді Доминик Маклафлин, Аластер Стоут және Арабелла Стэнтон сомдайды.

Харингтон үшін бұл HBO-дағы үшінші жоба. Ол «Тақтар ойынының» барлық сегіз маусымында Джон Сноу рөлін ойнады, қазір «Индустрия» сериалында түсіп жүр.

Бұған дейін «Гарри Поттер» сериалының түсірілімінде Северус Снейпті ойнайтын актер Паапа Эссьедуға қауіп төнгендіктен, қауіпсіздік шаралары күшейтілгені хабарланған болатын.