Биылғы күзде Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе рейстері іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева China Eastern Airlines әуекомпаниясының маркетинг және сату жөніндегі аға вице-президенті Джин Ченчумен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша қытайлық әуетасымалдаушының Астана – Шанхай жаңа халықаралық бағытын ашуға мүдделілігі расталды.

China Eastern Airlines өкілдері бағыттың жоғары коммерциялық әлеуетін атап өтіп, барлық қажетті дайындық шаралары аяқталғаннан кейін биылғы күзден бастап рейстерді орындауға дайын екендерін жеткізді.

Алғашқы кезеңде рейстер аптасына үш рет орындалып, кейін күнделікті қатынасқа дейін жиілігін арттыру жоспарланған.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту, бағыттар желісін кеңейту және рейстер санын арттыру мәселелерін талқылады.