Қазақстанда «Жылдың 10 оқырманы» республикалық кітап марафоны басталды. Жеңімпаздардың әрқайсысы 10 млн теңгеден алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қатысушылар өз санатына арналған тізімдегі 15 шығарманы оқып, содан кейін іріктеуден өтуі керек. Жеңімпаздардың есімі 2027 жылдың көктемінде белгілі болады.
Жобаға қатысу тегін. Ұйымдастырушылар 345 шығармадан тұратын тізім дайындап, қатысушыларды жеті санатқа бөлді: оқушылар, колледж студенттері, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, үш ұрпақтан тұратын отбасылық әулеттер, мемлекеттік қызметшілер және өзге де азаматтар. Саяси және зияткерлік қауым өкілдері үшін «Parasat» атты жеке бағыт қарастырылған.
Марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Аймақтық іріктеуден кейін шамамен 4 мың жүлдегер анықталады, олардың ішінен 20 өңірден 200 адам республикалық финалға шығады.
Финалистерге бетпе-бет әңгімелесу мен көпшілік алдында сөйлеу сынағы күтіп тұр. Олар оқыған кітаптарын білетінін және әдебиетті талдай алатынын көрсетуі тиіс. Комиссия он жеңімпазды таңдап, әрқайсысына «Жыл оқырманы» атағын беріп, 10 млн теңге көлемінде сыйақы тапсырады.
Марапаттау рәсімі 2027 жылдың 23 сәуірінде, Ұлттық кітап күні өтеді. Өткен жылы марафон үш өңірде пилоттық форматта өткізілген. Министрліктің дерегінше, оған сол кезде шамамен 190 мың адам қатысқан.
Бұған дейін «Курсив» қазақстандықтар кітап оқып, 600 мың теңге таба алатынын жазған еді.


