2026 жылдан бастап Қазақстанда ҚҚС бойынша міндетті есепке қою айналымы 10 мың АЕК-тен (шамамен 43 млн теңге) асатын жағдайда талап етіледі. Бұл ереже тек жалпы белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін салық төлеушілерге қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекеттік кірістер комитетінде жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ҚҚС төлеушісі ретінде міндетті тіркелу үшін айналым шегінен асып кетсе және оны уақытында жасамаса, айыппұл салынуы мүмкін екенін еске салды.

Белгіленген шектен асқан жағдайда кәсіпкер немесе компания ҚҚС төлеушісі ретінде есепке тұруға міндетті. Есепке қою мерзімін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 269-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік — 50 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар, салық төлеуші ҚҚС бойынша есепте тұруға тиіс болған кезеңде жүзеге асырылған айналым үшін Әкімшілік кодекстің 275-бабының 5-бөлігіне сәйкес осындай айналым сомасының 15 пайызы мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

МКК-де кәсіпкерлер мен компаниялар кейде хабардар болмауы салдарынан шектен асып жіберетінін және мұндай бұзушылықтар салықтық бақылау барысында анықталатынын атап өтті.

Бұған дейін 2027 жылы Қаржы министрлігі ҚҚС түсімдерінен 9,5 трлн теңге алуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын — бұл 2026 жылғы бағалаудан 36 пайызға жоғары. Өсімнің негізгі факторлары ЖІӨ-нің ұлғаюы, ҚҚС-тың жаңа мөлшерлемесі және бюджеттен салықты қайтару көлемінің азаюы болуы тиіс.

Қазақстанда өндірілген тауарлар мен қызметтерден шамамен 4,5 трлн теңге, импорттан тағы 5 трлн теңге алу жоспарлануда. 2028 жылы ҚҚС түсімдері 10,5 трлн теңге, 2029 жылы — 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.

Сондай-ақ QR-төлемдерге қызмет көрсету, телефон нөмірі бойынша аударымдар, электронды ақша және цифрлық теңге бойынша ҚҚС-тан босату мүмкіндігі қарастырылуда.