Ресейлік әнші Клава Кока мен блогер Дима Масленников қарым-қатынастарын заңдастырды. Тойдан түскен кадрлар олардың Instagram-парақшаларында пайда болып, жанкүйерлер мен шоу-бизнес әріптестері арасында үлкен қызығушылық тудырды, деп хабарлайды infohub.kz.

Жарияланған фотосуреттерде қалыңдық сүт түсті нәзік көйлек пен ұзын фата киген, ал күйеу жігіт ақ жейде, галстук және аппақ костюм таңдаған. Суреттердің астындағы түсініктемеде жұп қысқаша: «Енді күйеу мен әйел!» деп жазған.

Жарияланым бірден бір миллионнан астам «лайк» жинады. Ресей шоу-бизнесінің жұлдыздары, оның ішінде Ольга Бузова, Ксения Собчак, Александр Ревва, Наташа Королева, Анита Цой және Катя Лель жас жұбайларды құттықтауға асықты. Жұптың адал жанкүйерлері де шетте қалмай, көптеген жылы тілектерін білдірді: «Құттықтаймын, әрқашан осындай бақытты, әдемі және ғашық болыңдар!», «Махаббат деген осындай әдемі, менің құттықтауым», «Біздің сүйіктілеріміз, біз қандай қуаныштымыз», «Жас жұбайларға бақыт!».

Еске салайық, шілде айында Клава Кока яхтада қыздар кешін және туған күнін атап өткен болатын, ал енді жанкүйерлер әншінің жеке өміріндегі басты оқиғаны білді.