Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті сөйлеу тілінде араб тілінен енген сөздердің орнына қазақтың төл сөздерін қолдануды ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, осы аптада Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X съезінде қазақ тілін дамыту туралы маңызды ойларын айтқан. Атап айтқанда, президент дінге қатысты төл сөздердің орнына араб сөздерін жиі қолдану мәселесін көтерді. Осыған байланысты, басқарманың атап өтуінше, діни рәсімдердегі тілдің рөлі мен оның күнделікті сөйлеуде қолданылуын ажырата білу маңызды.
«Намаз кезінде Құран аяттарын, дұғалар мен зікірлерді араб тілінде оқудың ерекше мәні бар. Ана тілін құрметтей отырып, құлшылықта қолданылатын сөздердің де ерекше рөлін ескеруіміз керек. Сонымен қатар ана тіліне деген құрмет күнделікті қарым-қатынаста өз ойын қазақ тілінде анық әрі түсінікті жеткізуде, қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орынды қолдануда көрінеді», — делінген ҚМДБ хабарламасында.
Мысалы, «ифтар» мен «сухур» ұғымдарының қазақ тілінде әлдеқашан өз атаулары бар — «ауызашар» және «сәресі». «Бұл сөздер халқымыздың ораза ұстау дәстүрімен тығыз байланысты. «Ауызашарға келіңіз», «Сәресіге тұрайық» деген тіркестер үлкенге де, кішіге де түсінікті. Осындай қалыптасқан атауларды қолдана отырып, біз діни дәстүрді де, тілдік мұраны да сақтаймыз», — деп қосты басқармада.
ҚМДБ күнделікті бес уақыт намаздың — «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» — атаулары да қазақ халқының діни өміріне берік орныққанын еске салды. «Бұл атауларды күнделікті әңгімеде, уағыздар мен намаз кестелерінде қолдану көпшілікке түсінікті және қалыптасқан тілдік дәстүрге сай. Сонымен қатар кейбір адамдардың бір-біріне «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» деп қаратқанын жиі естиміз. Біздің ойымызша, мұндай жағдайда «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген қазақ сөздерін қолданған жөн. Бұл қаратулар жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенді сыйлау мен кішіге қамқорлыққа негізделген дәстүрін сақтауға көмектеседі», — делінген хабарламада.
ҚМДБ дана бабаларымыз рухани-адамгершілік құндылықтарды келер ұрпаққа ана тілінде жеткізе білгенін атап өтті. «Аманатқа қиянат жасама», «Кісі ақысын жеме», «Обал болады», «Сауап болады» деген тіркестер арқылы олар балаларына адалдықты, жауапкершілікті және мейірімділікті сіңірген. «Бұл рухани мұраны қазіргі ұрпаққа жеткізу үшін осындай тіркестердің мәнін ашып, мағынасын күнделікті өмірден мысалдармен түсіндіру қажет», — деп мәлімдеді ҚМДБ.


