Кенеттен әлсіреу, көңіл күйдің күрт өзгеруі және себепсіз мазасыздық көз тиюмен байланыстырылуы мүмкін. Алайда бұл белгілердің ешқайсысы оның дәл дәлелі бола алмайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Басқарманың мәліметінше, исламда көз тию шынайы құбылыс саналады. Діни дәстүр бойынша ол тек адамға ғана емес, жануарларға, өсімдіктерге және түрлі заттарға да әсер етуі мүмкін.

«Көз тию тек адамдарға ғана емес, жануарларға, ауыл шаруашылығы дақылдарына, сондай-ақ кез келген басқа да тірі немесе жансыз заттарға әсер етуі мүмкін. Кейде адам өзіне-өзі «көз тигізіп» алуы да мүмкін. Бұл әдетте біреу бір нәрсеге қатты тәнті болғанда, оған ерекше ықылас танытқанда немесе қызғанғанда болады. Сондықтан көз тию әрдайым жамандықты әдейі тілеудің нәтижесі деп айтуға болмайды; адам жаман ниетсіз, тек тәнті болып қарағанның өзінде де ол пайда болуы мүмкін. Сондықтан адам өзіне, баласына немесе мүлкіне тәнті болып қараған кезде, оған бата жасауы керек», — делінген хабарламада.

ҚМДБ сонымен қатар Құран мен сенімді хадистерде көз тиюді бірден анықтайтын белгілердің толық тізімі жоқ екенін атап өтті.

«Құранда да, сенімді хадистерде де адамның көз тиюге ұшырағанын сөзсіз дәлелдейтін белгілердің толық тізімі жоқ. Дегенмен онымен байланысты болуы мүмкін бірқатар симптомдар бөліп көрсетіледі, атап айтқанда: кенеттен әлсіреу немесе босбыңқылық; көңіл күйдің күрт өзгеруі; түсініксіз мазасыздық немесе көңілсіздік; бас ауруы; тәбеттің жоғалуы; ұйқының бұзылуы; ауырлық сезімі немесе дене әлсіздігі; бұрын қуаныш әкелген нәрсеге қызығушылықтың жоғалуы; себепсіз жылау немесе ашуланшақтық; аяқ-қолдың суық болуы; иықтағы ауырлық сезімі; жиі күрсіну; ұмытшақтық; кеуде қысылуы, ал кейбір жағдайларда — лоқсу сияқты дене жайсыздығы», — деп қосты басқарма.

Сонымен қатар ҚМДБ аталған белгілердің ешқайсысын көз тиюдің дәл дәлелі деп санауға болмайтынын мәлімдеді. Ұқсас жағдайлар стресс, ұйқының жетіспеуі, инфекциялар, қан қысымының ауытқуы, витамин тапшылығы және басқа да медициналық немесе психологиялық себептерден туындауы мүмкін.

Осыған байланысты басқармада денсаулықтың нашарлауын тек көз тиюмен байланыстырмауға шақырды. Егер денсаулық алаңдатса, дәрігерге қаралу қажет.

«Көз тиюден қорғану үшін мұсылмандарға Аллаһқа жалбарынуға, сондай-ақ сүрелерді оқуға кеңес беріледі», — деп түйіндеді ҚМДБ.