Қазақстандық KMF Банк халықаралық инвестор іздеуге кірісті. Болашақта ол қаржы институтының капиталына кіре алады. Қазірдің өзінде бірнеше халықаралық институционалдық инвесторлармен және қаржы секторындағы стратегиялық серіктестермен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл туралы банк басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов Forbes Kazakhstan-қа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды infohub.kz.

Қазір KMF Банктің мажоритарлық акционері — «KMF-Демеу» қоры. Оған банк акцияларының 60,4%-ы тиесілі. Қор американдық ACDI/VOCA ұйымының қолдауымен құрылған және жылдар бойы KMF-тің дамуына серік болды.

Жүсіповтің айтуынша, банк өзін дербес қаржы институты ретінде қалыптастырды, сондықтан «KMF-Демеу» біртіндеп мажоритарлық акционер мәртебесінен миноритарлыққа өтуге дайындалуда.

Дегенмен банк басшысы нақты әлеуетті инвесторды атамады. Ол тек бірқатар халықаралық институционалдық инвесторлармен және стратегиялық серіктестермен келіссөздер жүріп жатқанын ғана хабарлады.

«Біз үшін микро және шағын бизнесті дамытуға, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, өңірлер мен қаржылық инклюзияға бағытталған көзқарасымызбен бөлісетін серіктес табу өте маңызды. Мұндай инвестор акционерлер құрылымын әртараптандырып қана қоймай, халықаралық тәжірибе, озық әдістер мен банктің одан әрі дамуына қосымша мүмкіндіктер әкеле алады», — деді ол.

«KMF Банк» қазірдің өзінде бірқатар халықаралық қаржы ұйымдарымен және даму институттарымен ынтымақтасады. Олардың қатарында Еуропа қайта құру және даму банкі, IFC, Proparco, Аустрия даму банкі, SIFEM және JICA бар. Банк сондай-ақ Түрік инвестициялық қорымен серіктестік орнатқан.

Еске салайық, 2025 жылғы 12 тамызда KMF банктік лицензия алды. Оған дейін бұл микроқаржы ұйымы еді. Ұлттық банктің дерегінше, айналуға дейін ол МҰҰ арасында активтер көлемі бойынша бірінші орында тұрған. Ал банктер арасында қаржы ұйымы 23-тің ішінде 18-орынға жайғасқан.

«KMF-Демеу» құрылтайшысы — АҚШ-та тіркелген ACDI/VOCA коммерциялық емес ұйымы.