Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяның жеке көрші мемлекет мәртебесін алғаш рет ресми түрде бекітті. Тиісті ережелер Корей Халық Демократиялық Республикасы конституциясының жаңа мәтінінде пайда болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Негізгі заңның екінші бабына сәйкес, КХДР аумағына солтүстігінде Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен, ал оңтүстігінде Корея Республикасымен шектесетін жерлер, сондай-ақ осы негізде белгіленген аумақтық сулар мен әуе кеңістігі кіреді. Бұл ретте құжатта құрлық пен теңіз шекараларының нақты сызықтары айқындалмаған.

Жаңа редакцияда бұрынғыдан өзгеше түрде Оңтүстік Корея тікелей көрші мемлекет деп аталады. Мәтіннен Корей түбегін біріктіру туралы ережелер, сондай-ақ Оңтүстік Кореяны «бірінші нөмірлі жау мемлекет» немесе «өзгермейтін басты қас» деп айқындаған тұжырымдар алынып тасталды.

56-бап КХДР-ды ядролық қаруы бар жауапты мемлекет ретінде айқындайды. Құжатта аталған қару түрін ел өзінің өмір сүруі мен дамуын қамтамасыз ету, соғысты тежеу, аймақтық және халықаралық бейбітшілікті қорғау үшін дамытып отырғаны атап өтілген.

89-бап КХДР мемлекеттік істер жөніндегі төрағасына ядролық күштерді басқару өкілеттігін бекітеді. Жоғарғы бас қолбасшы ретінде ол бұл өкілеттікті тиісті басқару органына бере алады.

2023 жылдың соңында Ким Чен Ын екіжақты қатынастарды жаулық деп айқындағаны, ал 2024 жылдың қаңтарында конституциядан Корей түбегін біріктіруге қатысты ережелерді алып тастауды тапсырғаны атап өтіледі. Осыдан кейін «Нэнара» порталында конституцияның тиісті бөлімі қолжетімсіз болды. Өзгерістер мен толықтырулар негізгі заңға 2026 жылдың наурызында, 15-шақырылым Жоғарғы халық жиналысының бірінші сессиясында енгізілді.