Солтүстік Корея нысаналарды анықтауға және бағыттауға арналған жасанды интеллектімен жабдықталған жаңа жоғары дәлдіктегі басқарылатын «Чам-2.0» торпедасын сәтті сынағанын хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Корея Орталық телеграф агенттігінің (ЦТАК) мәліметінше, су астындағы сынақ атысы 15 қазанда өтті. Солтүстік Корея агенттігінің дерегінше, атыс торпеда жүйесіндегі техникалық жетілдірулерді тексеру үшін жасалған.
«Жасанды интеллект технологиясы жаңа асқын жылдам жоғары дәлдіктегі басқарылатын торпеданың нысаналарды анықтауы мен бағыттау функциясына қолданылды», — делінген ЦТАК хабарламасында. Оны Yonhap агенттігі келтіріп отыр.
Reuters агенттігі ЦТАК-қа сілтеме жасай отырып, сынақ соңғы бес жылда 180-нен астам тест барысында жетілдірілген қозғалыс технологиясының тиімділігін, сондай-ақ торпеданың зымырандық қозғалтқыш қондырғысының сипаттамаларын растағанын атап өтті.
Пхеньян сынақты сәтті деп атап, ол елдің әскери-теңіз күштерін дамытудағы маңызды қадам болғанын мәлімдеді. Жұмыстар қару-жарақты жетілдіруге бағытталған қорғаныс зерттеулері аясында жүргізілді.
Бұған дейін КХДР су астында орналасқан стратегиялық қанатты зымырандардың екі түрін сынағанын хабарлаған. Бұл атыстар 14 қазанда өтіп, солтүстік кореялық тараптың мәлімдеуінше, флоттың жауынгерлік мүмкіндіктерін тексеруге бағытталған.


