Ақмола облысындағы бірегей көл – Көбейтұз астанадан 160 шақырым жерде орналасқан. Президент тапсырмасына сәйкес, ол ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ол үшін Бұйратау ұлттық паркінің шекарасы кеңейтіледі – оның құрамына көл айдыны кіреді. Билік осылайша көлдің бірегей экожүйесін сақтап қалуды көздейді.
Сонымен қатар, көл маңында абаттандыру жұмыстары басталады. Жағалауда тұрақ алаңы мен бақылау алаңы жабдықталады. Бұл туристердің көлді тамашалауына мүмкіндік беріп, жағалау сызығын бүлдірмеуге көмектеседі. Жұмыс кезінде көлге кіру шектеледі.
«Жағалау сызығына жақындауға және ұсынылған аймақтан тыс жерде болуға жол берілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бекеттер ұйымдастырылады, аумақты патрульдеуді полиция уәкілетті органдармен бірге жүзеге асырады», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Бұған дейін мамандар көл суын зерттеген. Талдау нәтижесінде аммиак, аммоний азоты, хлоридтер, мышьяк және сульфаттар сияқты бірқатар заттардың рұқсат етілген шегінен асқаны анықталған. Сондықтан Көбейтұз көлінде шомылуға және оның жағалауынан тұз жинауға тыйым салынған.
Еске салайық, 2025 жылы жазда билік Көбейтұз көлінде бақылауды күшейткен болатын. Себебі туристер тұз жинап, оны интернетте сатып жүрген.


