Кофе ішу — кофеинді де, кофеинсіз де — ішек микробиотасының құрамын өзгертіп, ішек пен ми арасындағы байланысқа әсер етеді, көңіл күй мен танымдық қызметті жақсартады. Осындай тұжырымға Корк университеттік колледжі жанындағы APC Microbiome Ireland зерттеу орталығының ғалымдары келді. Олар сусынның «ішек — ми» осіне әсерін зерттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Зерттеу Nature Communications журналында Кофе туралы ғылыми ақпарат институтының (ISIC) қолдауымен жарияланды. Оған күніне 3–5 кесе кофе ішетін 31 кофе сүйер қауым өкілі және бұл сусынды мүлде ішпейтін 31 адам қатысты.

Тәжірибе барысында кофе сүйерлер алдымен екі апта бойы одан бас тартты — бұл олардың ішегіндегі метаболиттер бейінінде айтарлықтай өзгерістер туғызды. Кейін сусынды тағам рационына соқыр түрде қайтарды: бір топқа қарапайым кофе, екіншісіне кофеинсіз кофе берілді. Қабылдау қайта басталған соң екі топ та стресс, депрессия және импульсивтілік деңгейінің төмендегенін айтты.

Кофені үнемі ішетіндерде қышқыл бөлінуге және өт өндірілуге қатысатын, жағымды эмоциялармен байланысты Eggertella sp, Cryptobacterium curtum және Firmicutes бактерияларының жоғары деңгейі де тіркелді.

Зерттеу сусынның әр түрінің әсерінде айырмашылық бар екенін анықтады: кофеинсіз кофе оқу мен жады көрсеткіштерін жақсартты, бұл полифенолдар мен антиоксиданттардың әсерімен байланыстырылады, ал қарапайым кофе үрей деңгейін төмендетіп, зейінді арттырып, қабыну қаупін азайтты.

Профессор Джон Краян кофені ішек денсаулығы мен эмоционалдық әл-ауқатқа тек кофеин есебінен ғана емес, әсер ететін күрделі диеталық фактор ретінде қарастыру керектігін атап өтті.