Сегіз сағат ұйықтап, түні бойы оянбасаңыз да, бір кесе кофе сізді толыққанды қалпына келтіруден айыра алады. Бұл қорытындыға Вроцлав медицина университетінің зерттеушілері келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ScienceDaily жазуынша, көпшілік кофе ішкеннен кейін тез ұйықтап кетсе, сусын организмге әсер етпейді деп қате ойлайды. Алайда арнайы құрылғылар көрсеткендей, кофеиннің әсерінен ми терең ұйқы фазасына жауап беретін баяу толқындарды азырақ шығарады. Нәтижесінде адам төсекте жеткілікті уақыт өткізгенімен, шаршап оянады.

Қауіптісі — адамның өзі бұл мәселені байқамауы мүмкін. Оған түні бойы талмай ұйықтағандай көрінеді, ал ми сергек режимде жұмыс істеген. Осыдан энергияны жаңарту және күш-қуатты қалпына келтіру процестері бұзылады. Сонымен қатар сусынға сезімталдық әркімде әртүрлі — кейбір адамдарда күндізгі порция да түнгі терең ұйқы фазасын бұзуы мүмкін.

Сөйтіп, адам тұйық шеңберге тап болады. Түнде толыққанды демалмаған ол келесі күні қалжырап, қайтадан кофеге қол созады. Ғалымдар кофеиннің бір жақты жаман немесе жақсы зат емес екенін, бірақ оны қолданғанда жеке сезімталдықты, тәулік уақытын және жалпы стресс деңгейін ескеру қажет екенін атап өтеді.