Көкшетауда тұрғын үй кешеніне бес жыл бойы көшуді күткен 150-ге жуық отбасы құрылысы аяқталмаған ғимаратқа көшіп кіруге шешім қабылдады. Себеп — құрылыстың үнемі кейінге шегерілуі және толық тоқтап қалуы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үлескерлер жылу мен жарықтың жоқтығына, сондай-ақ құрылыс салушылардың олардың өтініштерін елемейтініне шағымдануда. «Екі жыл бұрын осы тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алдым. Бес жыл бойы адамдар күтіп жүр. Жылу өшірілген. Тұрақты жарық та жоқ. Құрылыс салушылар байланысқа шықпайды, мүлдем елемейді, қазір толық әрекетсіздік. Қазір күз, жаңбыр жауып тұр, шатыр да ағып жатыр», — деді үлескерлердің бірі Сәндуғаш Алғазинова.

Бес үйден тұратын тұрғын үй кешенінде сатып алушыларға қолайлы бағамен жайлы баспана уәде етілген, тапсыру 2022 жылға жоспарланған еді. Көпшілік пәтерді қабырғалары қаланбай тұрып-ақ сатып алған, бірақ үміт ақталмады. Қазіргі уақытта 72 пәтерлік бір ғана үй салынған, алайда ішкі жұмыстар аяқталмаған, электр жарығы жоқ. Осыған қарамастан, үйге пәтерін сатып алып, несие төлеп жатқан және енді жалдамалы баспана төлей алмайтын 20 отбасы көшіп кірді. Екінші үйде тек қаңқасы ғана тұрғызылған, ал қалған үш үйде тек іргетасы қаланған.

Шенеуніктер жыл соңына дейін алғашқы екі үйдің тұрғындары жайлы жағдайда тұра алады деп сендіруде. «Қазір олар осы жобадағы міндеттемелер мен пайда алу бойынша өзара қосымша келісімге қол қоюда. Тұрғындарға қатысты жағдай бойынша біз үнемі кеңес өткізуге тырысамыз, яғни қазір әкімдікте әр сәрсенбі сайын кеңес өтеді. Бұл мәселе қала әкімінің бақылауында», — деді Көкшетау қалалық әкімдігінің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақтияр Шабданов.